Палата мен оның мүшелерінің жауапкершілігі
«Адвокаттық қызмет және заң көмегі» туралы Қазақстан Республикасының Заңы 2018 жылғы 5 шілдедегі № 176-VІ ҚРЗ (бұдан әрі — Заң):
Заң консультанттары палатасы мүшелерінің жауапкершілігі
Заң консультанттары палатасының мүшесі Қазақстан Республикасының адвокаттық қызмет және заң көмегі туралы заңнамасының, палата жарғысының, қағидалары мен стандарттарының, Кәсіптік әдеп кодексінің талаптарын бұзғаны үшін осы Заңға, Қазақстан Республикасының заңдарына, заң консультанттары палатасының қағидалары мен стандарттарына сәйкес жауапты болады.
Заң консультанттары палатасының мүшелеріне жазалар қолдану, оларды алып тастау және шағым жасау тәртібі палатаның жарғысында және қағидаларында айқындалады.
Заң консультанттары палаталарының жауапкершілігі
Заң консультанттары палатасы Қазақстан Республикасының адвокаттық қызмет және заң көмегі туралы заңнамасының, заң консультанттары палатасының қағидалары мен стандарттарының, Кәсіптік әдеп кодексінің талаптарын бұзғаны үшін осы Заңға және Қазақстан Республикасының өзге де заңдарына сәйкес жауапты болады.
Заң консультанттарының палаталары, заң консультанттары палаталарының мүшелері, клиенттер уәкілетті органға Қазақстан Республикасының адвокаттық қызмет және заң көмегі туралы заңнамасын, заң консультанттары палатасының қағидалары мен стандарттарын, Кәсіптік әдеп кодексін бұзушылықтар туралы жүгінуге құқылы.
Шағым түскен кезде, егер шағымды заң консультанттары палатасы бұрын қарамаған жағдайда, уәкілетті орган оны тиісті палатаға жібереді.
Егер шағым палатаның қарау нысанасы болған жағдайда, уәкілетті орган жолданымды Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген тәртіппен қарайды.
Шағымды қарау қорытындылары бойынша уәкілетті орган заң консультанттары палатасына нұсқама, ескерту түрінде ықпал ету шараларын қолдануға, сондай-ақ осы Заңға және Қазақстан Республикасының өзге де заңдарына сәйкес өзге шаралар қабылдауға құқылы.
Егер заң консультанттары палатасы уәкілетті органның нұсқамасы, ескертуі бойынша шараларды қабылдамаған немесе уақтылы қабылдамаған жағдайда, уәкілетті орган заң консультанттары палатасына заң консультанттары палаталарының тізілімінен шығару түрінде ықпал ету шарасын қолдану туралы мәселеге бастама жасайды.
Заң консультанттары палатасының әрекеттерінде (әрекетсіздігінде), оның басқару органдарының шешімдерінде бұзушылықтар болған жағдайда, заң консультанттары палатасына қатысты, сот тәртібімен, заң консультанттары палаталарының тізілімнен шығару түрінде ықпал ету шарасы қолданылуы мүмкін.
Заң консультанттарының палаталарын мемлекеттік бақылау
Уәкілетті орган заң консультанттары палаталарының Қазақстан Республикасының адвокаттық қызмет және заң көмегі туралы заңнамасының, заң консультанттары палатасының қағидалары мен стандарттарының, Кәсіптік әдеп кодексінің талаптарын орындауына заң көмегін көрсету саласындағы бақылауды жүзеге асырады.
Заң консультанттары палаталарының қызметіне заң көмегін көрсету саласындағы бақылау Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексіне сәйкес тексерулер және профилактикалық бақылау жүргізу жолымен жүзеге асырылады.